“Ауылым әнім”

Әдетте, күнде естіп, көріп жүрген соң ба, көп нәрсенің қадірін білмейміз ғой. Бұл жай әндерге де қатысты болады екен. Ескендір Хасанғалиевтің “Ауылым әнім” деген тамаша әні бар еді ғой. Бүгін сол әнді тағы да тыңдадым. Содан соң, ойланып қалдым. Япыр-ау, неткен әдемі ән еді өзі. Сөздері де керемет екен ғой. Ойландырып тастады. Шынында да, “туған жерін сүйе алмаған, туған елін сүйіп” жарыта қоймас. Бала кезімде, бұл әнді үлкендер жиын-тойда жиі айтатын. Ол кезде, Ескендір Хасанғалиевті біз әрине білген жоқпыз. Біз дегенде, өзім туралы айтам. Әйтпесе, үлкендер білді ғой.
Монғолияда туып-өскенімді айтқанмын сіздерге. Сол моңғолиялық қазақтар бұл әнді жиі айтатын. Шамасы, үлкендер сол кезде бұл ән арқылы, туған жерге ғана емес, атамекенге деген сағыныштарын басатын болса керек. Оны әрине, қазір түйсініп жүрмін. Тағы бір қызық оқиғаны жұбайым айтып бергені бар. Жан-жарымның да әкесі, яғни қайын атам бұл әнді сүйіп тыңдайтын көрінеді. Маңыздысы бұл емес…
Жұбайым 2001-2005 жылдар аралығында Германияның Мюнхен қаласында оқыған. Дәлірек айтсақ, Мюнхеннен 9 шақырым жердегі Оттобурн қалашығында тұрып, Мюнхенде оқыпты.
“Германияда жүргенде туған жерімді қатты сағынатынмын. Өйткені,Оттобурнда менен басқа қазақ жоқ еді. Мюнхенде қазақтар тұрады дегенді естісем де, 1 млн-нан астам халқы бар қаладан оларды бірде-бір рет кездестірген жоқпын. Негізі, қалада түрі қазақтарға ұқсайтын адамдарды кездестіріп қалатынмын. Бірақ, қасына барып, жөн сұрасам бірде-біреуі қазақ болған емес. Қырғызды, монголды, бурятты кездестіргенмін. Түріктер тіптен көп. Бірақ, 4 жылда бір-ақ рет қазақтарды кездестіргенмін. Оның өзі дүкенде болған оқиға еді. Дүкендердің бірінен кішкентай бала жетектеген егде әйел мен қарияны көргенмін. Түрі қазаққа ұқсайтын. Бірақ, киім киістері еуропалықтардан аумайтын. Әдеттегідей, тағы да жөн сұрағым келгенімен, батылым барған жоқ. Сөйтіп, бөгеліп тұрғанымда әлгі баланың “әже” демесі бар ма?! Дәл, сол сәтте мен де әлгі әйелді бас салғанмын. Ағыл-тегіл жылағанмын. Әйел де басымнан сипап жұбатқаны бар. Ол кісілер Мюнхенге Қазақстаннан барыпты. Сол жаққа көшкен немістерге қонаққа келсе керек. Бұл менің 4 жылда Мюнхенде қазақтарды кездестірген жалғыз сәтім еді.
Жалпы, сол оұиғадан бұрын да, кейін де Оттбурннен Мюнхенге велосипедпен баратынмын. Бавария жері тамаша ғой, егіннің арасымен қалаға дейінгі 9 шақырымды таңертең және кешке күн сайын жүріп өтемін. Қалаға кірген соң, ең шеткі метро станасына барып, велосипедімді қалдырамын да, орталыққа метромен кететінмін. Күнде осы еді. Негізі өзім тұрған неміс жанұясында таршылық көрген жоқпын. Отбасы мүшелері жақсы жандар еді. Бірақ, неге екенін білмеймін туған жерімді қатты сағынатынмын. Күн сайын велосипедпен егіннің арасымен жүрген кезде “Ауылым әнім” деген әнді айқалап айтып, жылап алатынмын. Өкініштісі, сол әннің не кассетаға, не дискге жазылған нұсқасы менде болған жоқ. Тек, әкемнің айтып отыратын кезінен қалған әуені мен сөздері санамда жатталып қалыпты. Қазір, Ескендір ағаның осы әнін тыңдаған кезде сол кездерім есіме түседі. Бірақ, туған жеріме деген сағынышым дәл сол кездегідей емес сияқты. Шамасы, атамекеніме келген соң, өз ұлтымның ортасында жүрген соң, сол сезімдердің қадірі кетіп қалды ма екен? Білмеймін. Бірақ, бұл ән мен үшін өте ыстық” деген еді. Жұбайымның бұл әңгімесі мені де ойландырып тастағаны бар. Әрине, дәл оның сезінгенін мен сезіне алмаспын. Алайда, қазақтың әдемі әндері мен жырларының сананың түбіндегі беймәлім сезімдерді дір еткізетін құдіреті болады. Мұны, бойында қазақтың қаны тулап жатқан кез-келген адам сезінетін шығар. Әлде мен қиялимын ба?

…мен мына таудың баурайында дүниеге келіппін. Алтайдың осы шыңы маған әлі күнге ыстық. Мына, "Ауылым әнім" әні сияқты.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Мәшһүр Жүсіпке жүгінсек; «табысқа қалай жетеміз?»

ХХІ ғасырда шамасы, табысқа жетуді көздемейтін, ел қатарлы ғұмыр кешуді қаламайтын, тіпті бай болғысы келмейтін пенде жоқ шығар. Қазір, біраз жұрт табысқа жету жолдарын ілім ретінде үйрететін де болды. Алайда, бұл мәселе қазақтың дүниетанымында бар ұғымдар екен. Бірде, Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын!» бағдарламасында Мәшһүр Жүсіптің еңбектері жайлы сөз еткенбіз. Хабарымызға дінтанушы Омар Жәлелұлын шақырғанбыз. Әрине, МәшҺүр Жүсіп атамыздың барлық айтқандарын бір бағдарламаға сыйғыза алмасымыз белгілі еді. Бірақ, ғұламаның «адамның табысты, бауқатты болу жолдары» туралы айтқандарын біраз әңгіме қылдық. Сол сұхбат барысында Омар Жәлелұлы бұл мәселені ғұламаның еңбектеріне сүйене отырып былай тарқатып берді. Мен оны аудиотаспадан қағазға түсіріп, енді сіздерге ұсынып отырмын.
«Мәшһүр Жүсіп адам баласының бақытты, бақуатты ғұмыр кешуі үшін ең алдымен шүкіршілік қылуы тиіс дейді. Алдымен, адам Алла тағалаға шүкіршілік қылуы қажет. Мәшһүр Жүсіп атамыз оның да екі түрін айтады. Біріншісі, «әлһамдулиллаһ» деп тілмен айту. Ол Алла тағаланың барлық беріп жатқан нығметтеріне тілмен айтылатын шүкіршілік. Екіншісі, қолмен жасалатын шүкіршілік. Қолмен жасалған шүкіршіліктің сауабы тілмен айтылғаннан әлдеқайда көп болса керек. Бұл қиналған адамдарға көмек көрсету, садақа беру сынды әрекеттер екен. Яғни, Алла тағаланың берген байлығы, нығметтері адам бойынан, қолынан көрініп тұруы тиіс. Кем-кетік пен жоқ-жітікті тойындырып, киіндіріп, садақа берген адамдардың байлығы да арта түсетін болса керек. Бұл енді ислами үғым. Әрине, Мәшһұр Жүсіп атамыз бұл мәселелерді қазаққа ұлтымыздың өз салт-дәстүрінен алып, әдемі жеткізіп отыр.
Екінші, шүкіршілік патшаға жасалуы тиіс екен. Мәшһүр Жүсіп атамыз тіпті, ақ патшаға да шүкіршілік айтыпты. Ғұлама өзі өмір сүрген дәуірде «Әзірейіл барда жаным бар демес, ақ жалау барда малып бар деме» деген мақалдың пайда болғандығын айтады. Өйткені, ХІХ ғасырда Қоқан хандығының шапқыншылары ақ жалау көтеріп, қазақты шауып, қызын зорлап, ұлын құл қылып, малын барымталап әкетіп тұрыпты. Сондықтан, «ақ жалау барда, малым бар деме» деген мақал шығыпты. Кейіннен, орыстар Қазақ жерін тұтастай басып алып, оңтүстік өңірлерге дейін бекіністер салған соң, қоқандықтардың қоқаңдауы да тыйылса керек. Ғұламаның, ақ патшаның өзіне шүкіршілік ету керек дегені содан шықса керек. «Арабтар патшаны «сұлтан» деп айтады» дейді ғұлама. Сұлтан деген араб тілінде «ойына не келсе, соны орындайтын адам» деген мағына береді» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ғұлама «Патша Алла тағаланың жердегі көлеңкесі» деп айтқан, Аллада көлеңке болушы ма еді? Әлбетте көлеңке болмайды. Алла тағалада мекен де жоө, көлеңке де жоқ. Бұл патшаның басқа адамдардан артықшылығын айтқаны. Меккені байтуаллаһ, яғни Алланың үйі дейді. Аллада үй болушы ма еді? Жоқ. Ол да сол мекеннің қадір-қасиетінің артықтығын меңзегені» дейді.
Мәшһүр атамыз үшінші шүкіршілікті ата-анаға қылу керек дегенді айтады. Өйткені, адам баласы ата-анасынан алғыс алса, ғұмыры ұзақ болады деген ұғым болыпты. Исламда «Ата-ананың алғысы Алланың алғысы, ата-ананың қаһары, Алланың қаһары» деген қағида бар екен. Қазақтың «алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан» деген мақалы осыдан шыққан болса керек.
Төртінші шүкіршілік, ұстазға болуы керек екен. Мәшһүр Жүсіп ұстазға шүкіршілік адамның ғылымын арттыратынын айтады. Бесінші, күндік күнге, түнде айға шүкіршілік, Алтыншы, екі аяқтыда адамға, төрт аяқтыда атқа шүкіршілік ету керектігін де айтыпты ғұлама. Одан кейін ерге серік қылып берген әйелге шүкіршілік қылу керек екен. Ғұламаның айтуына қарағанда ер жігітке Алла әйелді нығмет қылып берген екен. Ғалым «қалай еркек қатынды болады, солай басына қалқа тұрғызылады» деп сипаттапты. Қазақ философиясындағы «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді біз түсінбей жүрсек, адам үйленгеннен соң ғана, баспана мәселесін ойлайтын болса керек. Бәлкім, бұл да Алланың хикметі шығар, бойдақ күнде жиған-тергеннің берекесі аздау болады, керісінше үйленген соң, көп адамның ісі оңға баса бастайды.
Мәшһүр Жүсіп жігіт үйленген соң ғана, үй іші дүниеге, қорасы малға толады дегенді айтады. Сонымен бірге әйелсіз дүние ләззатының, рахатының мәнісі болмайтынын айтыпты. Тіпті, «Қатындай нығмет бар ма екен?» деген өлең де жазыпты. Онда
«Сүйсе жүзі абат,
Басқа жерін айтсам ұят»-деп әйелге шүкіршілік қылуды ескертіпті. Ғұлама әйелді еркектің киіміне теңепті. Егер ол жақсы болып кездессе, онда жігітті ағайынға, туысқа, алашқа, жатқа жақсы қылып көрсетеді. Жаман болып кездессе керісінше болады. Қызықты тұжырым.
Сосын, Мәшһүр Жүсіп адам табысқа жетуі үшін үш нәрседен құтылуды өсиет етіпті. Олар –ұйқы, жалқаулық, кежірілік болса керек. Нәпсінің қалауы болып саналатын бұл нәрселер адамның табысқа жетуіне кедергі жасайтын көрінеді. Мәшһүр Жүсіп «кежірліктің тамыры желкеде болады» депті. Әрине, «кежірлік» деген «қырсықтық» дегенді білдіретіні сөзсіз. Қазақта «кедей болатын адамның желкесінде қырық қаңтаруы болады, біреуі босатса да қалғаны босатпайды» деген сөз де бар екен. Мәшһүр Жүсіп кежірліктен құтылудың жолы ретінде кім жұмсаса да, жүгіріп, орындап, елгезек болып үйрену қажет екендігін айтыпты. Ал, ұйқының тамыры адамның шынтағында болатынын айтыпты ғұлама. Адамның шынтағы жерге тисе ұйқы басады екен. Мәшһүр Жүсіп одан құтылудың жолы ретінде не ахирет қайғысын, не дүние қайғысын ойлауды ұсынады. Ал, «жалқаулықтың тамыры адамның дүмінде болады» депті. Яғни, жалқаулыққа бастайтын жол адамның май құйрығында жатса керек. Одан құтылу үшін «түк істемесең де, әрлі бері жүріп үйрену керек» депті Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Тағы бір қызық жай, «адам бай болу үшін, қасыт қылу керек» депті. Қасыт – «ниет» деген сөз екен. Адам ниет етіп, амал жасаса, «Алла өзінің құдіретімен оны халқ қылады, яғни жарата қояды», «дүние себепсіз болмайды, сен себеп қылсаң, Алла мусабап қылады» депті МәшҺүр Жүсіп. Мусабап–себептерді іске асырып, жарата қояды дегенді білдіретін көрінеді. Біздің бабалар табысты болу жолдарын осылай түсіндіріпті».

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

«ИТ АУЗЫНА АҒАШ ТЫҒУ-2»


Өркеннің осы мақаласы естеріңізде болар. «Ит аузына ағаш тығу» деп аталатын еді ғой. Өркен Кенжебектің бұл мақаласы баспасөзде де жарық көрген еді. Шамасы, Өркеннің айтқандары Қанат Қабрдахмановтың шамына тисе керек, тағы да «Времясына» жүгініпті. Мына «Время» құтырып тұр. «Іштен шыққан шұбар жылан» Қабдрахмановтың алғашқы сұхбатын «Нацию сформируют русскоязычные…» деп жарияласа, «Өркенге ренжіп, «мені түсінбеді» деп қайтадан «Времяға» шағым айтқан халықаралық ПЕН-клубтың мүшесі, жазушы (қазақтар үшін- «жазушысымақ») Қабрдахмановтың жаңа тұжырымдарын бұл газет тіптен айқайлатын жіберіпті. Тақырыбы–«Цивилизацию создадут русскоязычные…» . Мәссаған, безгелдек. Қазаққа қарсы шықпаса ішкен астары бойына сіңбейтін «Время» «қарсы соққыны» күшейткен тәрізді. Қанат Қабдрахманов әу бастағы «ұлтты орыс тілділер қалыптастырады» дегенін тіптен күшейтіп «Өркениетті орыс тілділер жасайды» деп бөсіпті.
Сонымен Қабрдахмановтың пәсапасына сенсек, «ұлтты, өркениетті құру мәселесі ең алдымен гуманитарлық, дүниетанымдық сипатта болса керек. Бұрын-соңды тарих сахнасына келіп-кеткен өркениеттер де, қазіргі өркениеттер де ең алдымен халықтың бірлікке деген ұмтылысы негізінде құрылған» дейді жазушы. Әрине, мұнымен келісуге болады. Қазақ «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел босла төбедегі келеді» деп бірліктің, әсіресе ұлттың бірлігінің маңызды екендігін Қабдрахмановтан әлдақашан бұрын айтып кеткен.
Содан соң, Қабдрахманов «менің ойымша біздің ортақ үйіміздегі тыныштықты сақтап, бәрімізді жақындастырып тұрған нәрсе– баршамыздың төзімділігміз. Бұл бізге КСРО-дан қалған мәдени мұра»-дейді. Стоп! Сонда Қабдрахмановтың ұғымынша, КСРО-дан бұрын қазақ өзгені «алдынан келсе тістеп, артынан келсе теуіп» жолатпай қойып па? КСРО-дан қазаққа қалған ең үлкен «мұра» -құлдық сана екендігін мойындасақ керек-ті. Сол құлдық пиғылдан құтыла алмаған Қабдрахманов «орыс тілінсіз өмір жоқ» деп қатты айтсақ, оттап жүр.
Енді әрі қарай жалғастырайық, сонымен Қабдрахманов «бізде қазір ортақ идеология жоқ, бәріміз бірдей сөйлейтін ортақ тіл де жоқ. Біз әртүрліміз, бірақ бір-бірімізге төзіммен қараймыз, «мысықтілеулі» емеспіз» дейді. Әрине, идеология мәселесімен келісеміз. Алайда, тіл мәселесінде кедергі жасап жүргендің осы Қабдрахманов сияқтылар екендігін ұмытпасақ керек. Рас, қазақ өзгелер үшін «мысықтілеулі емес», бірақ өзгелер «сыйға- сый, сыраға -бал» жасай ма? Жоқ әрине. Егер қазақ өзінің ұлттық мүддесі туралы айта бастаса оны «біздің құқымызды шектеп жатыр» деп бағалайтындар аз емес. Күздегі Захаровтың мәлімдемесі, Қызылжарға қатысты дау соның айғағы.
Тағы сол «Времядағы» «жаңа» мақалаға оралсақ Қабдрахманов «төзімділік мәдениеті- біздің туа біткен қасиетіміздің бірі, алайда онда қазіргі дәуірдің идеологиясы жоқ. Тіпті, онда басқаша сипаттағы қоғамдық-саяси құрылым шарттарындағы жалпыға бірдей мәдени қоғамдасуды қолдауға қажетті нақты идея да жоқ» дейді. Демек, қазақтың кеңқолтық болуы бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмейтін көрінеді. Сондықтан, жаңадан мәдениет қалыптастыру керек болып тұрған сыңайлы. Қабдрахмановтың логикасы.
«Біздің ұлттық дүниетанымымыз қандай? Қазір ол кем дегенде 3 түрлі бөлімнен тұрады: 1) өздерін «ұлтшыл-патриоттар» деп атайтын адамдар жүргізіп жатқан идеология; 2) қалалық, әсіресе орыс тілді қазақтар қалыптастырған идеология; 3) орыс тұрғындардың идеологиясы» Бұл да Қанат Қабдрахмановтың сөзі. Оның ойныша дүниетаным осы екен. Яғни, идеологиямен өлшенетін болса керек.
«Бұл мәселеде орыстар «ұлтшыл-патриотардың» ұстанымдарын түсінбейді және қабылдамайды, ал ұлтшылдар өз кезегінде орыстарға жау пиғылда, қыңыр, орыстар олармен қазақ тілінде сөйлескісі келмейді. Егер осы топтардың арасында орыс тілді қазақтар демпфера болмаса, онда олардың арасында қақтығыс болмауы мүмкін емес, тіпті әлдеқашан шыққан болар еді»
Бұл да Қабдрахмановытң «Времядағы» былапыты. Сонда, қазақ ұлтының ортақ мүддесін жоқтап жүрген «ұлтшыл-патриоттар» қолдарына қару алып, орыстарды атып-аспақ ниетте ме?! Ең қыңыр ұлтшылдың өзі мәселені бұлай қоймайды. Әлгі Захаров дегеннің «билікте бізді жақтайтын 20 шақты шенеунік бар» деуі осы Қабдрахмановтарға қарата айтылған шығар. Орысшыл болыпкеткен осындай ұлтсыздар халық алдындағы айыбын мойындап, үйріге қосылуға талпынғанның орнына, өздерін ақтаумен әлек болып жүр. Орыс тілді қазақтар ешқашан ұлтшылдар мен орыстардың арасында демпфера болған жоқ. Оның қажеттілігі де аз.
«Ұлтшыл-патриоттарда» тек олар ашық айтатын бір ғана идея бар. Ол-Қазақстанда барлық тұрғындар қазақша сөйлеуі тиіс. Қазақ тілінің басымдық алуын ең алдымен қоғамда қазақ мәдениетінің басымдыққа ие болуы деп бағалауға болады». Бұл да сол Қабрдахмановтың айтқандары. Сонда, мемлекеттік тілде баршаның сөйлеуі заңға томпақ келе ме? Орыс тілділер «батыстың мәдение құндылықтарын орыстың тілінсіз игере алмаймыз» деген ойдан арылмай жүр. Мныау да соның көрінісі. Тіпті, Қабдрахманов «мәдениет» деп орыстардың ұғымы тұрғысынан қарастыратын тәрізді. Қазақтың салты мен дәстүрі, тілі мен діні, өнері, тіпті өмір сүру салты да мәдениет. Түріктің атақты ақыны Мехмет Акиф Ерсой батысшылдардың «мәдениет» дегеніне «Мәдениет- деп жүргендерің жалғыз тісі жалған жыртқыш. Менде иман толы кеудем бар» деп жауап беріпті. «Времяның» «тұрақты клиентіне» де осылай деуге болатын шығар.
«Орыс тілді қазақтардың басты артықшылығы –отандық мәдениетке сезімталдықпен қарауда емес, саналы түрде зер салуында. Бұл көзқарас көпті көрген, көп нәрсе жоғалтқан және өздеріне не қажет екендігін білетін адамдардың ұстанымы. Біз өмірдің маңызды міндеті ретінде қазақ тілінің басымдыққа ие болуын күштеп таңуды емес, отандық өркениеттің моделін қалыптастыруды бағалаймыз. Қазақ тілі-бұл өзін-өзі көрсету құралы, мәдениет құралы, бірақ мәдениеттің дәл өзі емес. Қазақ тіліне лайықты орын берілетін жаңа мәдениет жасалып жатқан кезде, бұл тілге ештеңе де қауіп төндірмейді» Тағы да сол Қанат Баянұлының әңгімесі бұл. Қабдрахмановтың бұл сөзі әрі-беріден соң, баршы қазақты қаралау. Тіпті, орыстілді қазақты ұлт ретінде бөлуді көздейтін тәрізді. «Қазақ тілді қазақтардан артықпыз» дейді. Олар кез-келген мәселеге саналы түрде зер салатын көрінеді-мыс. Яғни, Қабдрахманов сияқтыларды айтам. Сонда, біз, мына қазақ тілін құрал еткендер (Қанат Баянұлының ұғымынша «қазақ тілі-мәдени құрал») санасыз болдық па? Бәріне эмоциямен қарайтын болдық қой? Кім қазақ тілінің басымдыққа ие болуын күштеп таңғалы жатыр? Керісінше, талай уақыт беріп, түсіністікпен қарап, «құлдықтың қамыты батты ғой, асықпай ана тілдерін үйренер» дедік емес пе?! Сөйтсек, Қабдархманов сияқтылар өздерінше мәдениет жасамақ ниетте екен. «Времядағы» мақаладан осыны ұқтық

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

«Тәуелсіздік күні емес, Жаңа жыл жақсы тойлансын!»

Сонымен әдеттегідей, Қазақ елі өзінің бұл пәнидегі ең ұлық мейрамы–Тәуелсіздік күні мерекесін емес, Жаңа жылды тойлауды бастап кетті. Сенбесеңіздер, ертең Астана қаласында кейбір білгіштердің тілімен айтқанда «Қазақстанның ең басты шыршасының» шамдарын жағу рәсімі өтеді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысады. Бұл-Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет.
Сонымен жарнамасы қарашаның басында-ақ жаһанға жария етіле бастаған Жаңа жылды тойлау басталып кеткен тәрізді. Әдетте, Президент жыл сайын 1- желтоқсан күні Астана төріндегі алып шыршаның шамдарын жағу рәсіміне қатысатын. Биыл бұл шыршаның шамдары 5 күн ерте жағылатын болды. Ертең кешке Астананың Ақорда алаңында орнатылған шыршаға ілінген шамдар ресми түрде самаладай жарқырайды. Оған тағы да биліктегі ығай мен сығай, еркіндіктің есігін ашқан Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылды артық көретін біраз жұрт жиналады. Білетіндер, Жаңа жылға арналған «бас шыршаның» «бойы» 30 метр екендігін айтып жүр. Шыршаға, 650 ойыншық, 700 метр сымға тізілген жарқырауық шамдар ілініпті. Ақорданың алдындағы «бас шыршаның» шамдары жанған кезде, Астананың түпкір-түпкіріндегі ірілі-ұсақты 520 шырша да түрлі-түсті шамдарын жарқыратпақ көрінеді. Айтпақшы, шыршаның шамдарын жағуға арналған рәсімге дайындық жасап жүрген 12 және 13 жасар екі қыз бала мертігіп бүгін қалды. Олардың үстіне үлкен плазмалық экран құлам кетіпті. Қазір бүлдіршіндер ауруханада жатқан көрінеді. Бұл енді Жаңа жылға дайындықтың «сыйлығы». Осы мерекені тойлаймыз деп талай азаматтың мертіккенін де білеміз. Бірақ бұл оқиғалар жаңа жылдың дайындығына қатысты болған бірінші және соңғы оқыс оқиға емес.
Сонымен не керек, мына түрмен біз Жаңа жылға арналған шыршаны күндердің күнінде жаз ортасында тігетін шығармыз. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын депутаттар Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылды тойлауға қатты назар аударатынымызды айтып, «бұл намыстың мәселесі» деп Үкіметке сауал жолдаған болатын. Әрине, Мәжілістің барлық депутаттары емес, санаулы азаматтар ғана үн қатқан. Бірақ, оларды да, жыл сайын бұл мәселені айтатын журналистерді де тыңдайтын құлақ көрінбей тұр. Кейбір деректерге қарағанда Жаңа жылдың жарнамасын жасау туралы бұйрықты Астананың әкімдігінде отырған дүбәра шенеуніктер қарашаның басында-ақ беріпті. Бірақ, сұрау салсаң, «олай дегеміз жоқ» деп ат-тондарын ала қашады. Шамасы, биліктегілер желтоқсанның 1-2 күндері өтетін ЕҚЫҰ саммитіне келетін шетелдік қонақтарды елден бұрын тігілген жаңа жылдық шыршамен таңдандырмақ ниетте ғой деймін. Біздің шенеуніктер Еуропа жұртын мұнымен таңқалдыра алмайтынын әлі ұқпай жүр. Екіншіден, бұл Тәуелсіздік күнін елеп-ескермеу, тіпті «тәуелсіздік дегенді қойшы, әлем халықтары тойлайтын Жаңа жыл бар емес пе?!» дегенді білдіретін тәрізді. Қанды қайнатып, ашу туғызатын қылық бұл. Қазақ үшін Тәуелсіздік күнінен қымбат қандай мереке болуы мүмкін? Бірақ, билік оны ұқпайтын тәрізді. Сонау 1991 жылы тәуелсіздік алар тұста осы ұлы күннің бұлай елеусіз қаларын білдік пе?! Сол кезде де Кеңес одағы әбден күйреген соң ғана тәуелсіздік жариялаған едік. Одан да қырғыздар мен өзбектер сияқты тәуелсіздікті ертерек жариялау керек еді. Жаңа жылмен жарыспас үшін. Амал қанша, тарихты өзгерте алмайсың. Енді келіп егемен ел болудың 20 жылдық мерекесіне жақындаған тұста тағы да ұлық мейрам Жаңа жылдың тасасында қалды. Бұл түрмен келер жылы, тәуелсіздіктің 20 жылдығын да оңдырып тойлата қоймаспыз. Орыстың құлдық қамытының батқаны сонша, Қазақ еліндегі шенеуніктер 19 жылда өзгерте алмаған санасын, алдағы бір жылда өзгертер деймісің?! Билік пен мемлекет құраушы ұлттың ұстанымы бір-біріне кері бағытта кетіп бара жатыр қазір. Алаш баласы ұлттық құндылықтарын жоқтайды, билік батысқа қарап, Ресейге қарап «ұлиды». Астана әкімдігі таратқан Жаңа жылға қатысты «қуанышты» хабарды естіген соң, бұл ойдың ақиқаттығына тағы көз жеткізгендей боласың. Дегенмен, елден бұрын құттықтап қояйық: Алаш баласы азаттық алған, ақырып теңдік сұраған күн–келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Балталау тәсілі

Кеше «Аманат» пікірсайыс клубының кезекті отырысы өтті. Астанадағы «Rixos» қонақ үйіне өзіміздің Өркен Кенжебек, Бүркіт Нұрасыл бар, «Жас қазақтың» Төлен Тілеубайы, «Нұр Астана» газетінен басшысы Ғабит Мүсіреп бар, менің әріптестерім Қанат Тұрар мен Ұлағат Ханзада бар дегендей бір топ журналистер жиналыппыз. Әрине, біздің мақсат аузы дуалы баяндамашыларды тыңдау еді. «Аманат» клубына жиналғандар осы жолы «Қазақстан және Еуропа: Алаш мұраты, Тәуелсіздік талабы, әлемдік үйлесімділік» деген тақырып төңірегінде әңгіме айтты. Баяндаманы алаштанушы Дихан Қамзабекұлы жасады, оған Төлен Әбдік ой қосты. Содан соң ғана, алаш зиялылары туралы көз майын тауса жүріп, еңбек жазған, оларды тәуір зерттеген Тұрсын Жұртбай сөйледі. Тұрсын ағаның алаш зиялылары туралы көзқарасының қандай екендігін білеміз. Ол кісі ашық айтады, тіліп айтады. Ұлттың мүддесі тұрғысынан айтады. Тұрсын Жұртбай алаш идеясының басты 5 бағыты бар деген пікірде. Олардың біріншісі, ұлттық-демократиялық мемлекет құру екен. Әлихан мен Ахмет осыны арман етсе керек. Мұндай мемлекетте жер жекеменшікке өтпеуі тиіс болыпты.
Екіншісі, жердің асты мен үстіндегі бар байлық қазақтың қолында болуы тиіс екен. Бұл да алашшылдардың идеясы. Бірақ,бірінші бағыт сияқты бұл да орындалған жоқ.
Үшінші, Әлихн Бөкейханов және басқалары қазақ жерінде өндірілген өнімдердің барлығы қазақтың игілігіне жұмсалуы тиіс деген пікірде болыпты. Яғни, бір түйір тас болса ол қазақтың түймесі болып өңіріне қадалуы керек, жүн болса тоқыма болып үстіне киілуі тиіс. Бұл да сол бабалардың мұраты. Бірақ, тағы орындалмаған арман.
Төртінші, қазақ елі рухани тәуелсіз болуы тиіс. Алайда, қазіргі қазақ қоғамы ондай емес. Орысшылдығымыз басым бізде.
Бесінші, алаш зиялылары тәуелсіз ғылымға және ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құруды көздепті. Бірақ, қазіргі Қазақ елінің сипаты елдің бәріне белгілі жай.
Менің бұл айтып отырғандарым, алаштың басты 5 идеясы. Оны Тұрсын Жұртбай жиі айтады. Кешегі жиында ғалым бұл айтылғандарға көп тоқталған жоқ. Бірақ, алаш арыстарының армандары 2001 жылдың мамыр айынан кейін әдірем қалғанын айтты. Өйткені, сол кезде алаш арыстарының жерге қатысты идеясын біздің билік мансұқ етіпті. Бұл алашшылдардың 5 идеясының біз «орындалады-ау» деп үміт еткен соңғысы болса керек. Сондықтан, Тұрсын Жұртбай қазіргі Қазақ билігінің ЕҚЫҰ сияқты ұйымды басқаруын, оның саммитін өткізуін жақтырмайтын көрінеді. Алаш зиялылары «батыстың құндылықтарын игеруге тырысқанымен, ұлттық мүддені ұмытпаған» дейді ғалым. Ал, біз болсақ, қазақты қазір екінші орынға қойдық та, батыстың айтқандарына бас шұлғитын болдық. Айтпақшы, Тұрсын Жұртбай онша жағымды бола қоймайтын ақпараттың шетін шығарды. Оның айтуынша біздің «жоғарғы жақта», сонау «алыста» бір заң жобасы әзірленіп жатқанға ұқсайды. Әзірге Парламентке түспеген. Бірақ, сол заң жобасын кейбір «белсенділер» екі рет жасырын талқылапты деседі. Шамасы, билік қазақ қоғамында діни жағдайдың күрделі бола түскенінен қауіптенетін болса керек, наным-сенім мәселесін заңмен реттемек тәрізді. Тұрсын ағаның айтуына қарағанда бұл заң жобасы бойынша «мешіттен басқа жерде намаз оқуға болмайды. Қыздар басына орамал тағып яғни хиджап киіп, жігіттер сәлде киіп көшеге шығуға болмайды-мыс». Бір «қызығы» әлгі заң кришнаиттардан, иегова куәгерлерінен, сатанистерден, саентологтардан, қысқасы келімсек секталардан емес ислам дінінен қауіптенетіндердің ойлап тапқан «жаңалығы» тәрізді. Яғни, кез-келген дүниені балтамен бір-ақ шабатын, қарадүрсін тәсіл. Бұл енді әзірге қауесет. Әдеттегідей, биліктің қалтарыс-бұлтарыстарының бірінен сыртқа шығып кеткен жел сөздің бір ұшқыны. Бірақ, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескеріп қойған жөн шығар. ӘБІСЕ-нің (Тұрсын Жұртбайдың ойынша «ОБСЕ» қазақша осылай айтылуы тиіс тәрізді. Өзі солай айтып отырды. Ал, «Хабардың» тілшісі Жайна Сламбек тіпті ОСКЕ деді. Ағылшынша жазылған OSCE қазақша тура оқысаң осы ғой) саммиті өткен соң біздің билік тағы қандай қадамға барарын кім білсін?!. Қазіргі биліктің батыстың құндылықтарына деген көзқарасы біз сөз еткен заң жобасы деңгейінде болса онда «қызықтың көкесі» алда шығар.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Cұмдық-ай!

Бүгін сұмдық жаңалық естідім. 7-арнада қызмет жасайтын досым Жалғас Сәдібекұлы «Новости-Казахстан» ақпарат агенттігінің жан түршіктірер жаңалығын агент арқылы жіберіпті. Сұмдық хабар екен.
Жаңалық деуге келмес, қаралы хабар бұл.
Агенттіктің ақпаратына сенсек өткен Құрбан айт кезінде Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Кибрай ауданында сол жақта тұратын этникалық қазақтың отбасын біреулер тұтастай қырып тастапты. Чинабад деген ауылда болған оқиға кезінде 5 адам мерт болыпты. Білетіндер, тіпті әлгі бауырларымызды «қылмыскерлер бауыздап кетіпті» деседі. Жай атып тастамаған, бауыздап кеткен!
Қайтыс болғандардың ең кішісінің жасы 1 жарымда екен. Қазір, ауылды милиция қоршап алған көрінеді. Шамасы, тұрғындарды тергеп-тексеріп жатса керек.
Неткен сұмдық десеңші, қазақ өзбекті «өз ағам» деп қадірлеуші еді. Алаштың атамекенінде ешбір өзге ұлттың баласына қысым жасалмақ түгілі, олардың бір тал шашы да жерге түспегенін бұқара жақсы біледі. Ал, мынау өзбек ағайынның ішінен осындай қанішерлер де шығып отыр. Бәлкім, сол қазақ отбасын қырып тастағандар қылмыскерлер шығар, дүние-боқтың соңында жүрген болар. Бірақ, бұл намысқа қатты тиеді екен. Қазақ үкіметі этникалық көші-қонды іштен ірітіп, сол жұмыспен айналысатын мекемені таратып жіберді. Ал, шетелдегі қандастарымыздың халі мынау. «Ағажай Алтай» әнінде:
«Қара арғымақ сүрініп қу томарға,
Қара нардың бұйдасын жау кесені-ай» -деп зарланатын қазақ, атыс-шабыссыз, бейбіт күнде де сол мүшкіл халден арыла алмайтын болды ғой. Өзекті өртейтін жай осы.
Өз басым бұл қылмысты этникалық сипаттағы мәселе деп есептеймін. Өзбектер өктемдік танытуын қоймай жүр. Қытайдың да қылығы белгілі. Азат елде, Қазақ елінде де қазақ баласының мұрны қанаса, билік «сені ұрған өзгелер кінәлі емес, өзің және қанаған мұрның кінәлі» дейтін пиғылда екендігін бәріміз білеміз. Дегенмен, болашақтан үмітімізді үзбейтін халықпыз ғой. Қазақтың намысын ешкімге таптатпайтын күнге де жетерміз деймін. Ал, мына оқиғаға байланысты «қапыда қаза тапқан бауырларымыздың жандары жәннатта болсын!» деймін

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

“ДЕНИЗ”

[slideshow]Негізі сериалдар туралы көбіне қыздар жазады… Алайда, маған да айтуға болатын шығар ә?!
Сонымен сериалдар жайлы баян етсек, соңғы кездері түріктің телесериалдары көп көрсетілетін болды. Солардың бірі «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетіле бастаған «Дениз» телесериалы. Негізі бұл сериалдың түрікше аты-«Дениз Йылдызы». («Теңіз жұлдызы» деп сөзбе-сөз аударамыз ба, әлде «Дениз жұлдызы» дейміз бе, оны өздеріңіз шешіңіздер).Үйдегілер қараған соң, амал жоқ мен де қосылатын болып жүрмін. Өйткені, жұмыстан келген соң бәрі осы сериалды көреді. Қара жәшіктен басқа дүниелер қарайын десем, үйде бір ғана теледидар бар. Сосын «құдай салды, құл көнді» болып отыра беремін. Телесериал амалсыз өзіне баурап бара жатқан сияқты. Шамасы, телесериалды түсіргендер адам санасына қалай әсер етудің жолдарын тәуір білетін болса керек. Әйтеуір, телесериалды көріп жүрмін. Бірақ, іштей «осы сериал тез бітсе екен, кәдімгі фильмдердегі сияқты соңы не болатынын біле салса ғой» деп те ойлап қоямын.
Бірақ, менің бұл тілеуім әзірге орындала қоятын түрі жоқ сияқты. Өйткені, «Дениз» сериалының бөлімдері 200-ден асады екен. Түрік тілінде бұл туралы жеке сайт та жүр. Тіпті, 233- бөлімнің мазмұны туралы да оқыдым. Мәссаған, безгелдек! Егер бұл сериал толық қазақша аударылса, онда біздің отандастарымызға бір жылдан астам уақыт «ермек» болады деген сөз.
Дегенмен, қызықты болу үшін осы сериалдардың актерлері мен актрисалары жайлы бірер ауыз сөз етейік. Әрине, бас кейіпкер–Дениз. Шын аты Гүнеш Емир. 1985 жылы 10 мамырда дүниеге келіпті. Бойы 1 метр 72 см, салмағы 52 кг екен. Шамасы, кәсіби актриса болса керек. Ол актрисалықты үш оқу орнында оқыпты. 24 жасынан бастап Дениздің рөлін сомдай бастапты. Яғни, бұл сериал 2009 жылы түсіріле бастады деген сөз. Оған қырындап жүрген Мерттің шын есім-сойы Корай Еркөк екен. Ол 1986 жылы 4 қаңтарда дүниеге келіпті. Билкент университетін бітірген екен.
Көзілдірікті «оқымысты» Өзгүр болса 1983 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген Туан Туналы деген жігіт екен. Paris Graduate School of Management мектебінің түлегі. Мотоцикл мініп, ит асырағанды хобби санайтын көрінеді.
Ал атышулы Пелиннің аты Башак Акбай. 1987 жылы дүниеге келіпті. Бойы 1 метр 55 см, яғни «ергежейлі» көрінеді. Салмағы да сол– 40кг. Хаджеттепе университеті, Анкара мемлекеттік консерваториясы театр актері бөлімін бітіріпті. Ән салғанды, би билегенді жақсы көреді екен.
«Байдың қызы» Бануға келсек, оның есімі Бегім Топчу екен. 1985 жылы Анкарада дүниеге келіпті. Хаджеттепе университеті мемлекеттік консерваториясы театр актері бөлімін 2007 жылы бітіріпті. Мелих деген «мықты» жігіттің есім-сойы Жантуг Турай екен. 1984 жылы 14 мамырда дүниеге келіпті. Консерватория бітірген көрінеді. Ал, оның досы Өзан болса 1985 жылы дүниеге келген Емре Игдемир деген жігіт екен. Анкаралық жігіт болса керек. Иедітепе университетінің театр бөлімін тәммадапты. Қысқасы, басты рөлдегі «мықтылар» осылар екен. Әрине, сериал барысында тағы да бірнеше кейіпкер қосылатын көрінеді. Ол жағын айтпаймын. (Шамасы сериалға PR болып кетті-ау) Күні ертең ол жайында біздің журналдар онсыз да жариялайды. Бәстесеміз бе?

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

“Жеті қазына”

Қазақтың «жеті қазына» деген ұғымы бар екенін елдің бәрі біледі. Шамасы, бұл халқымыздың сандық ұғымдарынан туындаған болса керек. Бір қызығы осы «жеті қазына» ұғымын жақсы түсінемін деп жүретін едім. Сөйтсем, қателескен сыңайлымын. Әдетте, интернеттен осы мәселені іздеп көрдім. Жарытып ештеңе таба алмадым. Бірақ, «жеті қазына» ұғымының ең танымал екі нұсқасы бар екендігін білеміз.
Жеті қазына
Бірінші нұсқа
Ер жігіт,
Сұлу жар,
Ілім-білім,
Жүйрік ат,
Құмай тазы,
Қыран бүркіт,
Түзу мылтық

Екінші нұсқа
Жүйрік ат,
Алғыр бүркіт,
Қаққыр тазы,
Алмас кездік,
Қанды ауыз қақпан,
Берен (қара) мылтық,
Майланғыш ау (қыл тұзақ)
Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын!» бағдарламасының жұма күнгі сандарын осы жеті қазына ұғымына арнадық. Қазына саналған жеті затты жіктеп, жіліктеп көрейік дескенбіз. Дінтанушы Омар Жәлелұлы «ер жігіт еліне олжа салады» деген мақалға сүйене отырып, дәл сондай жігіттер халықтың қазынасы дейді. «Жеті қазынаның» бірінші нұсқасы халықтың қазынасы, екіншісі азаматтың қазынасы болса керек. Ал, сұлу әйел мәселесіне келер болсақ, қазақ сұлу әйелден ақылды бала дүниеге келеді деп ойлайтын болса керек. Ақтамбердінің
Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап –
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен,
Көңлімді хош таптырып!
Бала берсе тезінен, –
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен!
Осындай берген дәулетті
Көтеріп түра алар ма екеміз?! –деуі содан болса керек. Ал, ілім-білім мен жылқының қазына болатыны онсыз да белгілі. Құмай тазыға келсек, бұл өзі жалпы ит атаулыға қатысты тәірізді. Құмай тазы саятшылықтың көркі әрине. Бірақ, иттің бойында қазақ ұнатқан екі қасиет бар екен. Олар–адалдық пен қанағатшылдық. Ит иесіне адал келеді. Әрі не берсең де қанағатшыл. Қыран бүркіт болса шынымен аңшылықтың сәні. Екіншіден қырандар маңғаз, таза келеді. Қазақтың кейбір мінезі сияқты. Мылтық болса бес қарудың бірі болған садақтың «баласы». Елдің қорғанысына қажет құрал. Қазына саналатыны содан дейді. Әрине, бұлардың жетеуін жеке-жеке талдауға болады. Радиодағы «Мен қазақпын!» бағдарламасында олардың әрқайсысын жеке талдамақ ниетім бар. Осы жолы podkazt.kz арқылы жалпы «жеті қазына» ұғымы туралы Омар Жәлелұлының айтқандары мен бірінші қазына «ер жігіт» жайлы кәсіпкер Жанбота Тілеубайұлының айтқандарын блогыма қосып қойдым. Негізі бұлар эфирге шыққан бағдарламалар еді. Тыңдап көріңіздер. Бәлкім, ой қосарсыздар.
Жеті қазына туралы Омар Жәлелұлының айтқандары

Жеті қазына-Ер жігіт жайлы Жанбота Тілеубайұлы айтып береді

Жеті қазына-ілім-білім

Жеті қазына-жүйірік ат

Жеті қазына-құмай тазы

Жеті қазына-қыран бүркіт

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Монғолияның мәдениет күндері өтті

Өткен аптада Астанаға Шыңғыс ханның ұрпақтары ат басын тіреді. Яғни, “Монғолияның Қазақстандағы мәдениет күндері” өтті. Әу баста монғолдар өздерінің фильмдерін ұсынды. Содан соң, сенбі күні өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Астанадағы Конгресс-холл сарайына жиналған қауым көп болды. Шамасы, олардың көбі монғол жерінде туған, содан соң атажұртқа қоныс аударған қазақтар болды-ау деймін. Конгресс-холдың есігінің алдынан ғалым Тұрсын Жұртбай ағамызды кездестірдік. Тұрсын аға “мына керейлердің басын қосу үшін қазақ емес, монгол керек болған екен-ау” деді қалжыңдап. “Монғолиядан келген қазақтар ашаршылықта жеген құйқасының дәмі ауыздарынан кетпеген соң келген шығар. Атажұртта отырып біз де орыссыз немесе орыстың тілінсіз жинала қоймаймыз ғой” дедім мен де әңгімемді әзілге сүйеп.
Сонымен әлгі гала-концертке оралайық. Ұланбатырдан келгендер әдемі кеш сыйлады. Өздерінің ұлттық келбетін анық көрсетті. Концерт басталарда екі елдің лауазымды тұлғалары әдеттегідей сөз сөйледі. Біздің жақтан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-мұхамед сөйледі. Қашанда көсіліп сөйлейтін Мұхтар Абрарұлы “Біз де Шыңғыс ханды өзіміздің бабамыз санаймыз. Шыңғыстың жер қайысқан әскерінің ішінде, сарала, көкала тулардың астында бүгін қазақ халқын құрап отырған талай рулардың оғландары жауға шапқан. Қазақтың жерінде Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының зираты жатыр. Жошы хан қазақ хандарының түп атасы. Жошыдан бастап кешегі Кенесарыға дейінгі барлық хандарымыз Шыңғыстың ұрпақтары” деді. “Екі халық ежелден Еуразия сахарасын еркін жайлаған, қойы қоралас, ауылы аралас ел” деді. Қысқасы, Мұхтар Құл-мұхамед мырза кімнің алдында қалай сөйлеу керек екендігін тағы байқатты. Айтпақшы, Мұхтар Арарұлы Конгресс-холға жиналған ақуымға қарата “Байқаймын, осы жиналған қауымның көбі кезінде Монғолияда тұрған, кейін атажұртқа көшіп келген қандастар тәрізді. Сіздер Монғолиядан келгенде бізге көшпенді елдің рухын, ана тіліміз бен дәстүрімізді ала келдіңіздер” деп тағы бір желпінтті. Ал, Монғолияның Мәдениет және білім вице-министрі Күләнде Шонай ханым баяндамасын қазақша жасады. Әрине, Күләнда ханымның қазақ екендігі белгілі. Бірақ, ол өз елінің мемлекеттік тілінде емес, ана тілінде сөйледі. Біз аңғарған ең басты “жаңалық” осы болды. Әдетте, шетелдік қонақтар көбіне өз тілінде немесе орысша сөйлейтініне етіміз үйреніп алған. Біздің шенеуніктер де шетелдерге шыға қалса қазақша ләм-мим демейді. Орысша сайрауға құмар. Ал, осы концертте Монғолияның вице-министрі қазақша сөйлеп, оны аудармашы орыс тіліне емес, монгол тіліне аударды. Өз басым дәл осындай көрініске бірінші рет куә болдым. Мұның өзі киіз туырлықты халықтың алаш баласына көрсеткен құрметі шығар. Қалай болғанда да атасы басқа монғол Ұлы даланың бұла жұрттарының бірі еді ғой. Қазір монғол да, қазақ та, тіпті тұтас түркі әлемі де бұрынғы империя құрған күндерін, ерлікке толы күндерін, өзгелерді өздерімен санасуға мәжбүр еткен күндерін аңсайтыны анық. Шыңғыс ханнан соң мұндай ұлы жорықтардың саябыр тартқанын, тіпті кейін осман түріктері болмаса, басқа барлық түркілердің де, монғолдардың да өзгеге бодан болғаны, монғолмен аталас қалмақтың тарих сахнасынан кеткені де белгілі. Бәлкім содан болар монғолдардың концертінде ұлттық нақыш, ұлттық рух анық байқалып тұрды. Мына суреттер сол концерт кезінде түсірілді. [slideshow]

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ГАИшник және көлік жүргізуші; екі жақ қайтсек «тең» боламыз?

Әдеттегідей қазақша блогтар әлемін «аралап» жүрген кезде, http://autokaz.wordpress.com блогына көзім түсті. Елең ете қалдым. Қазақ тілінде көлік саласына арналған интернет ресурсын бірінші рет кездестіріп отырмын. Шынымды айтсам, маған блог ұнады. Замандасымның бұл қадамына сәттілік тілеймін. Сонымен бірге көлік әуесқойларына қажет тағы біраз ақпаратты өз блогыма қоя салмаққа ниеттендім. Бұл ақпараттар Жол полициясына қатысты болмақ. Әсіресе, жол ережесін бұзған кезде салынатын айыппұлдың мөлшері туралы айтпақпын.
Сонымен, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдарға тоқталар болсақ, ГАИшниктер өздерінің есеп-қисабын айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) өлшейді. Бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері -1413 теңге.
Енді көлік әуесқойлары жиі бұзатын ережелерге келсек: сақтандырусыз жүрсеңіз 20 АЕК яғни 28260 теңге, ауаны ластасаңыз, көлігіңіздің шуылы көп болса 2 АЕК немесе 2826 теңге, техникалық байқаудан өтпесеңіз 3 АЕК немесе 4293 теңге, жылдамдықты сағатына 10-20 шақырым көлемінде асырсаңыз 7065 теңге, 20-40 км/с асырсаңыз 14130 теңге, ал одан да асырып жіберсеңіз 21195 теңге айып төлеуіңіз мүмкін. Жол бойында ережеге сәйкес тоқтамасаңыз, қауіпсіздік белдігін тақпасаңыз тағы да 7065 теңге төлейсіз.Ал көлігіңіздің тізгінін жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға берсеңіз 14130-дан 70650 теңгеге дейін айып салынады екен. Егер жол ережесі бойынша бірден жүргізуші куәлігінен айыратын жазаларға келсек көш басында көлікті мас күйінде айдағандар тұр. Оларды жол полициясы ұстап алса 2 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырады. Ал, мемлекеттік нөмірді қолдан жасап алғандар мен оны өзгерткендер 1 жылға дейін көлік жүргізу құқынан айырады немесе 28260 теңге айып салады. Жалпы, жол ережесінің кейбіреуін бірнеше рет бұзғандарға қатыс жаза да қатаң. 10 күнге немесе 15 күнге абақтыға қамап та қоюы мүмкін. Дегенмен, жол полицейлерінің де көлік жүргізушімен дұрыс қарым-қатынас жасауы шарт екен. Мысалы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы
жол-патрульдік қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2002 ж. 14 желтоқсандағы N 789 бұйрығына сәйкес ГАИшниктер көлікті бей-берекет тоқтата алмайды екен. Олар көлікті тоқтату үшін мынандай себептерді алға тартуы тиіс екен:
«…83. Көлік құралдарын тоқтату үшін:
1) жүргізушілер мен жаяулардың жол қозғалысы Ережелерін көзге көрінеу бұзуы;
2) жол-көлік оқиғаларының жасалуына, әкімшілік құқық бұзушылыққа, қылмысқа жүргізушінің, жолаушылардың қатыстылығын дәлелдейтін деректердің болуы;
3) көлік құралының іздеуде болуы, сондай-ақ көлік құралының құқыққа қарсы мақсаттарда пайдаланылып жүргені туралы деректердің болуы;
4) жол-көлік оқиғалары, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыс жасалуының себептері туралы оларды көзімен көргендер болып саналатын жүргізушіден немесе жолаушыдан жауап алудың қажеттілігі;
5) өкілетті адамдардың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға берген қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы шешімдерінің орындалуы;
6) жол қозғалысының басқа қатысушыларына немесе полиция қызметкерлеріне көмек көрсету үшін жүргізушіні немесе жолаушыларды тоқтатудың қажет болуы;
7) көлік құралдарын пайдалану және басқару құқығы үшін құжаттарды, сондай-ақ көлік құралдары мен тасымалданушы жүк үшін құжаттарды тексеру тек жол полициясының стационарлық посттарында және бақылау-өткізу пункттерінде ғана тексеру негіз болып табылады.
84. Патрульдік автомобильде (мотоциклде) қозғалысты бағалаған кезде жүргізуші жол қозғалысының Ережелерін бұзған көлік құралдарын тоқтату үшін жарықпен және дыбыспен берілетін арнаулы белгілер, қатты сөйлейтін қондырғы, қолмен немесе таяқпен жасалатын белгілер пайдаланылады.
85. Керексіз салдардың туындауын болдырмау үшін көлік құралдарын тоқтату қажет болған жағдайларды қоспағанда, оларды автомобиль жолдарының көрінуі шектеулі учаскелерінде, бұрылысқа дейін және кейін, өрден тікелей шығарда немесе түсерде, жол қиылысы алдында және басқа да қауіпті жерлерде тоқтатуға тыйым салынады.
86. Арнайы жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезеңінде жүргізу және тіркеу құжаттарын, сондай-ақ тасылатын жүктердің құжаттарын тексеру мақсатында көлік құралдарын стационарлық бекеттерден тысқары тоқтатуға жол беріледі (мұндай жағдайларда жол полициясы қызметкеріне ІІББ, ІІБ, ішкі істер органдарының басшылығы қол қойған, арнаулы бланкіде жасалған және мөрмен расталған құжат болуы тиіс). Ішкі істер органдарының жедел жоспарларын атқару кезінде құжаттар талап етілмейді.
87. Көлік құралдарын тоқтату барынша қысқа мерзімде және қозғалысқа бөгет болмайтын жерде жүзеге асырылады. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайлардан басқа, жүру маршруттарында қалалық қоғамдық көлікті (автобустарды, маршруттық таксилерді, троллейбустарды, трамвайларды) тоқтатуға тыйым салынады, қала сыртындағы жолдарда жол қозғалысының Ережелері өрескел бұзылған жағдайда ғана әкімшілік хаттама жасау үшін 5-10 минуттан асырмай тоқтатуға болады. Көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға тыйым салынады.
88. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы N 1650 қаулысына Қосымшаға сәйкес көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар мен ақаулар Тізімімен белгіленген техникалық ақаулар болған жағдайлардан басқа, техникалық байқаудан өткен көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруге жол берілмейді.»
Бұл енді №789 бұйрықтан үзінді. Ал, ГАИшниктерге қатысты шағымдарыңыз болса «Жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері фактілері бойынша азаматтардың шағымдарын қабылдаудың тәртібі туралы Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ішкі істер Министрлігінің 29.05.2001 жылғы № 411 бұйрығы бойынша әрекет жасауға болады. Бұл Нұсқаулықта
«…4. Жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері фактілері бойынша азаматтардың шағымдарын қабылдауды тәулік бойы жол полициясы бөлімшелері, оның ішінде жол қозғалыс қадағалауды жүзеге асыратын жол полициясы қызметкерлері жүзеге асырады.
5. Азаматтардың жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне жазбаша және ауызша, оның ішінде телефон бойынша түскен шағымдары арнайы журналдарда тіркеледі. Аты жөнін, тұратын орны, жұмысы немесе оқу туралы мәліметтерін көрсетумен (1-Қосымша ) тіркеледі.
6. Жол полициясының басқармаларында (әрі қарай текст бойынша ЖПБ), стационарлық бекеттерде “азаматтардың шағымдары үшін”- деген жазуы бар арнаулы пошта жәшіктері орнатады. Пошта жәшіктері мөрленуі тиіс. Жол полициясы бекеттерінде пошта жәшіктерінен хат-хабарды алуды жол полициясы жасақтарының қызмет етуін тексеруге уәкілетті қызметкер, ЖПБ ғимаратында – аға кезекші инспектор жүзеге асырады.
7. ЖПБ реттік номері мен сериясы бар белгіленген үлгідегі шағымдар бланкілерімен (2-Қосымша) орталықтандырылған түрде қамтамасыз етіледі.
8. ЖПБ бастығының өкімімен жол полициясы басқармасы ұйымдастырулық – талдаулық қамтамасыз ету бөлімінің (бөлімшесінің) шағымдар бланкілерінің есебін жүргізу, оларды тиісті бөлімшелерге беру функциялары жүктелетін жауапты қызметкері, ал тіркеу емтихан алу бөлімшелерінде (арі қарай ТЕБ), автожол инспекциясы, әкімшілік тәжірибе бөлімшелерінде, саптық бөлімшелерде шағымдар бланкілерінің есебін жүргізу және оларды төмен тұрған құрылымдық бөлімшелер мен жол полициясы инспекторлары қол қойғызып беру жөніндегі жұмыс жүктелетін жауапты қызметкер тағайындалады.
9. ТЕБ, автожол инспекциялары (диагностика станцияларында), әкімшілік тәжірибе бөлімшелерінде, қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдерінің жол полициясының бөлімдерінде (бөлімшелерінде, топтарында) шағымдардың бланкілері бөлімшелердің басшыларында сақталады және азаматтардың талап ету бойынша оларға беріледі.
10. Жол полициясы инспекторларына шағымдардың бланкілерінің тікелей командирлері ( взводтардың, бөлімшелердің ) береді. Қызметке шығар кезде әр-бір жол полициясы инспекторларында азаматтардың шағым бланкілері болуы тиіс.
11. Азамат жол полициясының инспекторы оның құқықтарын бұзды деп есептеген жағдайларда, сондай-ақ жол полициясының тарапынан заңсыз іс-әрекеттер болған басқа да жағдайларда оның инспекторға өтінім жасауға және белгіленген бланкіде шағым жазуға құқығы бар. Жол полициясының инспекторы азаматқа шағым бланкісін бөгетсіз беруге және ол толтырылғаннан кейін мәлімдеушіге оны қабылдап алғандығы туралы таллон беріп оны қабылдауға міндетті.
Шағымдардың белгіленген бланкілері болмаған жағдайда, азамат еркін үлгіде шағым жазуға құқығы бар, оның көшірмесіне жол полициясының инспекторы шағымды алғандығы жөнінде қол қояды.
Кезек аяқталғаннан кейін жол полициясының инспекторы әкімшілік бұзушылық туралы хаттамаларды тапсыру мен қатар, түскен шағымдарды да тапсырады.»
Міне, турак осындай шарттар бар екен. Ал, әлгі шағым бланкісіне келер болсақ ол мынау:
№ 1 Қосымша

Жол полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері туралы азаматтардың жазбаша және ауызша шағымдарының қабылдау және есебін жүргізу
Ж У Р Н А Л Ы

р/с Күні және уақыты Аты-жөні, өтініш және қысқаша мазмұны (ауызша, жазбаша) Өтінішті қабылдап алушының аты-жөні және қабылданған шаралар Өтініш, мәлімдеу, кімге берілді.
Аты-жөні, лауазымы, күні, қолы. Ескерпе
1 2 3 4 5 6

Нұсқаулыққа
№2 Қосымша

СЕРИЯСЫ—— №——ШАҒЫМҒА ТҮБІРТЕК
Арызданушынің аты-жөні
Тұратын жері————————-телефоны
«—–» күні —————- 2008 жыл. Уақыты————-
өтінішті қабылдап алушының аты-жөні, лауазымы және қолы
——————————————————————————–
орындау үшін кімге берілді———————————————
қию сызығы

—————– облысы (қаласы)
—————— ІІББ (ІІБ) ЖПБ
бастығы—————————
————————————-
арызданушының аты жөні
мекен-жайы, телефоны

СЕРИЯСЫ—– №—————– ШАҒЫМ
Көрсетілетін фактілердің егжей-тегжей мазмұны—————————————————————————————————————————————–
——————————————————————————————————————————————————————————————————–

Күні—————– ————— Қолы

——————————–қию сызығы—————————————————-

Сериясы——№—–шағымға қиып алынатын таллон (арызданушыға беріледі)
Шағымды қабылдаған қызметкердің аты-жөні, лауазымы, омырау белгісі,

Күні————– ——————- Қолы.

Қысқасы, көлік жүргізушілер де өз талаптарын қоюға құқылы болса керек. Жалпы, бұл бұйырқтардың барлығы интернетте тұр. Тек заңдық тұрғыда сауатты болсақ, одан соң ережені бұзбасақ ГАИшниктермен «дос» болып кетуіміз де мүмкін.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki